СҚО-да «көлеңкелі» экономикадан млрд теңге шығын келген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл табысты жасырудың 40 дерегі анықталды.
СҚО экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Шаришевтің айтуынша, «көлеңкелі» экономикадан келген шығын млрд теңге шамасында, оның 700 млн-ы өтелген.
- Салық төлемеу үшін кірісті көрсетпеу немесе азайтудың зардабы ауыр. Бұл бюджетке түсетін салықтың төмендеуіне әкеледі, салдарынан әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымды қаржыландыруға кері әсерін тигізеді. Жалпы биыл салық төлеуден жалтарудың 3 фактісі анықталды, оның екеуі бойынша шамамен 500 млн теңге өндіріліп алынды, - дейді Самат Шаришев.
Сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың 4 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Бұл негізінен акцизделетін өнімнің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істер.
Өңірде бір жыл ішінде 136 мыңнан астам қорап темекі өнімдері мен мың литрден астам суррогат алкоголь өнімі тәркіленіп, жойылды.
- Цифрлық технологиялардың дамуы және криптовалютаны пайдалану құқық бұзушылардың да назарынан тыс қалмай, олар оны өз мүддесіне қолдана бастаған. Жеке тұлғалардың цифрлық активтер айналымы бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметі анықталып, үкім шығарылды. Нәтижесінде мемлекет есебіне шамамен 400 млн теңгенің мүлкі мен криптоактивтер тәркіленді, - дейді департамент өкілі.
Маманның айтуынша, қаржы пирамидаларымен күрес те тұрақты жүргізіліп келеді. Жылда қылмыстың осы түріне қатысты бірнеше дерек анықталады.
Биыл қаржы пирамидасына қатысты үш қылмыстық іс тіркеліп, екеуі сотқа жіберілді.