СҚО-да көлік конструкциясы түріндегі қосалқы бөлшектер шекарада заңсыз тоқтатылған – Антикор
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әкімшілік кедергіге тап болған кәсіпкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымданып, мәселесі оң шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау қызметкерлері тарапынан әкімшілік кедергіге тап болғанын айтқан. Ер адам автомобиль конструкциясы түріндегі қосалқы бөлшектерді шекара бекеті арқылы өткізбек болған, алайда мамандар оған тыйым салған.
СҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының айтуынша, іс жүзінде шетелден әкелінетін құрылым автокөлік құралы болып табылатындықтан, ол одан әрі тіркеу есебіне қойылуы мүмкін.
Облыстық полиция департаментінің жауабына сәйкес, бұл конструкция автокөлік құралы болып есептелмейді, сол себепті есепке қойылуы мүмкін емес.
Алайда, экспорттық бақылау қызметкерлері конструкциядағы қозғалтқыш пен аспасы алынып тасталған жағдайда ғана әкелінетін тауарды өткізуге келісетіндерін айтып, осылайша кәсіпкерге әкімшілік кедергі жасайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аумақтық департамент шұғыл түрде Мемлекеттік кірістер департаменті басшылығының және кәсіпкердің қатысуымен диалог алаңын ұйымдастырды. Нәтижесінде шекаралық бекет арқылы автомобиль конструкциясы түріндегі қосалқы бөлшектерді өткізуге тыйым салуға негіз жоқ екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта өтініш иесі кәсіпкерлік қызметін кедергісіз жүзеге асырып жатыр.
Сонымен қатар, СҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен бекеттерде жүйелі мәселелер және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында экспорттық бақылау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды.