СҚО-да колледж директоры Оксфорд университетінің Құрметті профессоры атанды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Ермек Серкебаев атындағы өнердегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат өнер колледжінің директоры Рауза Кашенева Оксфорд университетінің Құрметті профессоры атағын алды.
Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 желтоқсанда Рауза Кашенева өнерді дамытуға және талантты жастарды тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін Оксфорд университетінің Құрметті профессоры атанып, орденімен марапатталды, деп хабарлайды Хабар24kz сайты.
Рауза Кашенева – педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. Білікті ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық конкурстарға белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Рауза Әбутәліпқызының өзі де сахнада ән айтып, республикалық және халықаралық деңгейдегі фестивальдерге, байқауларға қатысып тұрады. Ол италиялық ұлы органист, Ватиканның радио және теледидар директоры Артуро Сакеттидің Таллин қаласындағы Домский соборында өткен концертіне қатысты.
Ұстаз Нидерландыға гастрольге шығып, 15 жеке концертін берді. Амстердам консерваториясында болған Бельканто фестиваль-конкурсына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысты. Осы сапарында 74 минутқа созылған концертінің дискісін шығарды.