СҚО-да қоныс аударушыларға салынған 14 жаңа үй бұзылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка қаласында қоныс аударушыларға мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер тұруға жарамсыз деп танылған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба иесінің айтуынша, Қадыралин көшесіндегі бұл үйлер көп уақыт бойы бос тұрған.
- Үйлерді бұзып, шашылған қоқысты жинап жатыр. Бұл үйлердің бәрі қирап тұрған еді, - дейді қала тұрғыны.
Бірнеше жыл бұрын арнайы салынған үйлерге, жергілікті тұрғындардың айтуынша, қоныс аударушылар келгенімен, көтермеақы алып кетіп қалған. Баспанаға мұқтаж қала тұрғындарына бермеген.
Тағы бір оқырман олардың ауылдарына да осындай он үй салынғанын, олардың да қазір бос тұрғанын жазды.
- Осыдан 6-7 жыл бұрын бұл үйлердің әрқайсысын 8 млн теңгеге салып еді. Сол кезде ауылдан көшкендер өздерінің жақсы баспаналарын 4 млн теңгеге сата алмады. Неге мемлекеттік қаржыны желге ұшырғанша, сол кезде ауылдан кеткендердің үйін сатып алмады, - дейді ол.
Шал ақын ауданы әкімдігі әлеуметтік желіде пайда болған бейнежазбаға қатысты түсінік берді.
- Бұл үйлер техникалық тексеру актісіне сәйкес апатты деп танылуына байланысты бұзылды. Қазіргі уақытта аумақты тазалау және құрылыс қалдықтарын шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын күндері құрылыс қалдықтары толықтай шығарылып, аумақ тазаланады, - делінген әкімдік жауабында.
Сергеевка қаласында қоныс аударушыларға арналған 14 баспана бұзылды.
Бұған дейін СҚО-ға жыл басталғалы еңбек күші артық өңірлерден үш мыңға жуық адам көшіп келгенін жазған едік.