СҚО-да көпбалалы ана мембағдарлама аясында екі бизнес жобасын жүзеге асырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бес баласы бар ана «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен бірден екі бизнес-жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлютка қаласының тұрғыны Гүлден Дүйсенбекова бес баланың анасы. Екі ұлы, үш қызы бар. Декреттік демалыста отырып, оған өз ісін ашу туралы ой келеді.
Гүлденнің айтуынша, ол бұрыннан азық-түлік дүкенін ашуды армандаған. Алайда бұл істің қыр-сырын білмегендіктен көпке дейін тартыншақтап келген. Сол себепті кәсіпкерлер палатасының филиалына көмек сұрап келіп, нәтижесінде «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы курстан өтті.
Былтыр келіншек өзінің бизнес жоспарын сәтті қорғап, қой өсіруге 200 АЕК мөлшерінде грант алды. Бірақ дүкен ашсам деген арманы маза бермей, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Ол қаражатқа ғимарат және тауар алып, ісін бастап кетті. Қазір Гүлден сатушы, ал күйеуі дүкенге қажет тауарды жеткізіп береді.
Кәсіпкердің айтуынша, азық-түлікке қашанда сұраныс жоғары, сол себепті шағын дүкен ашу арқылы жақсы табыс табуға болады.
«Бұл істе сатып алушылардың көптігі аздық етеді. Іс өрге жүзуі үшін барлығын ескеру керек. Өз тұтынушыларыңды естіп, солардың қажетін өтеу қажет. Біз тұрғындарға қажетті тауарды жеткізуге тырысамыз, оның ішінде нан, түрлі жармалар және тағы басқалары бар», - дейді Гүлден Дүйсенбекова.
Кәсіпкерге аяғына нық тұрып кетуге кураторлары көмектескен. Солардың кеңесімен сауда-саттықты дұрыс жолға қойып, дүкені табыс әкеле бастапты.
«Нарық күннен-күнге өсіп келеді. Ойланып қарасақ, тұтынушыға қажет жаңа затты ұсыну арқылы оның үй жанындағы сүйікті дүкеніне айналуға болады. Ал Дүйсенбековтер отбасына бастаған істерінің жемісін көруге тілектеспін. Ең бастысы ынта болып, қиындықтардан қорықпау қажет», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы Мамлют аудандық филиалының директоры Нина Василенко.