СҚО-да көппәтерлі тұрғын үйлердің жартысына күрделі жөндеу қажет

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 1,9 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұл баспаналардың 50-і апатты деп танылса, 279-ының тозығы жеткен.

Тұрғын үй
Фото: Видеодан алынған кадр

СҚО қоғамдық кеңесте тұрғын үй саласының мәселелері мен тұрғын үй заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Петропавл қаласында 1197 және аудандарда 700 көп қабатты үй бар. Оның 1,4 мыңы ғана орталықтандырылған жылуға қосылған.

«Аудан және Петропавл қаласы әкімдіктерінің ұсынған мәліметтеріне сәйкес Петропавлда 28 апатты және 210 ескі үй орналасқан. Облыста «тұрғын үйі апатты деп танылған ҚР азаматтары» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте 211 адам тұр.

2023 жылғы 9 наурызда СҚО бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу арқылы 2029 жылға дейін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілді. Құжатқа сәйкес бес жыл ішінде 86 апатты және тозығы жеткен үй бұзылып, 569 пәтер иесін жаңа тұрғын үймен қамту жоспарланған», - дейді СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Сәдуақасов.

Жалпы өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі – 49%.

«2011-2023 жылдар аралығында 224 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді, оның ішінде жалпы сомасы 4 202,2 млн теңге бөлінген қаражатқа 187 тұрғын үй, 725,24 млн теңге қайтарымды қаражатқа 33 тұрғын үй және облыстық бюджет қаражаты есебінен 279,3 млн теңгеге 4 үй жөнделді.

Биыл Петропавлда 535,7 млн теңгегекөппәтерлі 6 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған. Тайынша қаласында 28,2 млн теңгеге үйді жөндеуге құжаттама бар.
Сондай-ақ 11 үйді жөндеуге құжаттама әзірленуде, оның ішінде 7 үйдің шатыры ауыстырылады, 4 үйге лифт орнатылады», - дейді Жанат Сәдуақасов.