СҚО ормандарында жабайы жануарларды қоректендіру орындары пайда болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жабайы жануарларды аштықтан аман алып қалу үшін қорықшылар оларды қолдан азықтандырып жатыр. Осы мақсатқа жазда тек сыпырғыштың ғана 27,5 мың данасы әзірленді.

жануарларды қодан қоректендіру
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы
жанураларды қолдан өоректендіру
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Солтүстік Қазақстанның алты айға созылатын ұзақ, әрі аязды қысында жабайы жануарларға қорек табу қиын. Көктемге аман-есен жетуі үшін оларға көмекке қорықшылар келеді. Мұндайда түз тағылары жүретін жерлерге оттықтар қойылып, жаз бойы әзірленген жемшөп беріледі.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының аңшылық және балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Михаил Никитиннің айтуынша, өңірде 47 аңшылық шаруашылығы бар, оның 42-сі – арендаторларға берілген. Қалған бесеуі – резервтік қорда.

жануарларды қолдан қоректендіру
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

«Жалға берілген аңшылық шаруашылықтардағы жабайы жануарларды соған жауаптылар азықтандырады. Біз резервтік қордағы бес аңшылық шаруашылық пен Тимирязев ауданында орналасқан «Ақжан», «Ақсуат» мемлекеттік табиғи қорықтарындағы жануарларды қоректендіреміз. Биыл қар қалың, әрі желтоқсан айында жауын жауып, қардың бетін қатырып тастады. Тұяқтыларға тебіндеп, өздігінен оттау қиын. Сондықтан орман шаруашылықтары мен қорықтарда 20 орын әзірледік. Қыста, әсіресе, ірі жануарларға – елік пен бұғыға қосымша азық керек. Қояндар еш қиындықсыз тамағын табады, оларға ағаштың қабығы да қорек. Ал доңыздарға қардан аршып жеуге азу тістері көмектеседі», - дейді Михаил Никитин.

жабайы жануарлар
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Маманның айтуынша, «дала асханалары» жабайы жануарлар шоғырланған жерлерге, мәселен марал-еліктер үшін алаңқайлар орман маңында, доңыздар үшін сулардың, батпақтың жанына құрылады.

Алаңқайларға шөп салынады, арнайы оттықтар әзірленіп, сыпырғыштар ілінеді.

жабайы аңдарды қолдан қоректендіру
Фото: Kazinform

«Жылда жазда жабайы жануарларға алдын ала жемшөп әзірлейміз. Былтыр 10 мың центнер шөп, 5 мың центнер бидай қалдығы, 27,5 мың сыпырғыш, 500 кг тұз дайындадық. Бұл - көктем шыққанша жеткілікті. Тұз – микроэлементтер қорын толтыру үшін барлық жануарларға керек. Ол үшін құлаған ағашты ойып, сол жерге тұз салады немесе бұл мақсатқа түбірді пайдаланады. Тұз қармен еріп, түбірді бойлап ағады, жануарлар оны қыс біткенше тамырына дейін жеп қоюы мүмкін», - дейді бөлім басшысы.

Орманшылар мен қорықшылар жабайы жануарларды күн жылып, түз тағылары өздігінен қорек табатындай жағдайға жеткенше азықтандырмақ.

жабайы аңдарды қолдан қоректендіру
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

«СҚО аумағын мекендейтін жабайы жануарлардың аңшылық түрлеріне тоқталар болсам, марал, бұғы, елік, доңыз, түлкі, қарсақ, жанат тәріздес ит, қояндар, борсық, суыр, ондатр, өзен құндызы кездеседі. Құстардан қаз-үйрек, қасқалдақ, балшықты, құр, шіл, бөдене бар. СҚО – жабайы құстардың жолында тұрған маңызды аумақ. Сондықтан көктемде топтасқан ақ маңдай қаздарды және сирек кездесетін қызылжемсаулы қарашақаздарды көруге болады. Сондай-ақ сирек кездесетін қиқылдақ аққу, сұр тырна, ақбас тырна, дуадақ, безгелдек, аққұйрық субүркітті көктемде өңірден көруге болады», - дейді Михаил Никитин.

Соңғы жаңалықтар