СҚО-да коронавирус анықталған азамат - Ақмола облысының тұрғыны
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2001 жылы туған азаматтың COVID-19 жұқтырғаны зертханалық түрде расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін өңірде Ақмола облысы тұрғынының қауіпті індетті жұқтырғаны расталды.
«19 жастағы ер адам 6 сәуір күні Ақжар ауданына келген. Кейін көктемгі егіс жұмыстарына байланысты Уәлиханов ауданында болған. Ал 12 сәуір күні жедел респираторлық вирустық инфекция белгілерімен Ақжар аудандық ауруханасына жүгінген. Ол осы ауруханадағы жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды», - делінген мәліметте.
Қазіргі таңда эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, онымен қарым-қатынаста болған тұлғалар анықталып жатыр.
13 сәуірдегі жағда бойынша СҚО-да COVID-19 жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Сырқаттардың біреуі жазылып, үйіне жіберілсе, қалған 25-і стационарда ем қабылдап жатыр.