СҚО-да коронавирус инфекциясы табылған аудандарға блокпост қойылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер мен санитарлық қызметтің өкілдері карантин шараларын сақтау бойынша мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары мен санитарлық дәрігерлер сауда үйлерінде, базарларда, қызмет көрсету нысандарында маска киіп жүру режимі мен басқа да профилактикалық іс-шаралардың қаншалықты сақталатынын тексерді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, «Құрметті сатып алушылар! Бетпердесіз келгендерге тауар сатылмайды» делінген ескерту маңдайшалары барлық сауда орындарында ілулі тұр. Алайда сатып алушылар мен сатушылардың өздері әрқашан бұл талапты орындай бермейді.
Бұл жолы ешқандай әкімшілік ықпалы бар шаралар қолданылған жоқ, әзірше түсінік пен ескерту берілді.
СҚО-да коронавирус инфекциясының таралуына байланысты науқастар саны күннен-күнге артып келеді. Осыған орай мамандар карантин шараларының күшейтілетінін жоққа шығармайды. Ал карантин режимін сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 462-бабы бойынша айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.
«Қазір Ресеймен шекаралас аудандарда үш блокпост жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ қазіргі таңда коронавирустың ошағы анықталған аудандарға блокпостар қойылды. Олардың саны бүгінде 11-ге жетті, ол нысандарда полицейлер қызмет атқаруда», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.