СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адам ауыр халде жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 35 адам жұқпалы аурулар бөлімінде ем алып жатыр, үшеуінің жағдайы орташа болса, біреуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адам ауыр халде жатыр

Бүгін СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев онлайн брифинг барысында өңірде қауіпті індеттің таралмауына қатысты қолға алынған іс-шаралар жайында айтты.

СҚО-да ауру белгілері жоқ 84 жағдай тіркелді. Инфекция негізінен шеттен келгендерде анықталды. Олар негізінен вахталық әдіспен жұмыс істейдіндер, студенттер және жүк тасымалымен айналысатындар. 48 адам тәуір болды.

Қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде 35 адам ем алып жатыр. 31-інің жағдайы қалыпты болса, үшеуінікі – орташа, ал бір адамның басқа да ауыр дерттерінің болуына байланысты жағдайы мүшкіл.

«Мемлекеттік шекарада бұрынғысынша үш санитарлық-бақылау пункттері жұмыс істеп жатыр. Күнделікті бұл жерлерден 400-дей адам өтеді. Шеккарадан өткендердің барлығы міндетті түрде COVID-19 тексеріледі. Облыста осылайша 36 мың зерттеу жүргізілді. Қажет болған жағдайда барлығына медициналық көмек көрсетіледі», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

СҚО-да 28 сәуірден бастап карантиндік режим біртіндеп жеңілдетілді. 80 мыңнан астам адам жұмысына оралды. Облысішілік, облысаралық қатынас қалпына келді.

«Карантин шаралары алынбағанын естен шығармауымыз керек. Инфекцияны жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Жақында COVID-19 үш жасар баладан анықталды. Індет оған Қазақстанның оңтүстігінен ауырып келген әкесінен жұққан. Салдарынан балабақшаны 14 күнге карантинге жаптық, барлық байланыста болған адамдар анықталды. Сол себепті біз жағдайда үнемі бақылауда ұстап отырмыз», - дейді Асқар Сақыпкереев.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, СҚО-да тек соңғы үш тәулікте ауырғандар саны бірден 16,6% артты. Осыған байланысты аумақтық комиссия бұған дейін жоспарланған бірнеше нысанның ашылуын кейінге қалдырды.

Бұған дейін СҚО-да карантин талаптары қатаңдатылғанын айтқан едік.

Ал Тайынша қаласында соңғы 3 күнде қауіпті індетті жұқтырудың 4 дерегі тіркеліп, енді елді мекен карантинге жабылмақ .