СҚО-да коронавирус жұқтырған 17 жас ана емделіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы перинаталдық орталықта қауіпті індет жұқтырған 30-дан астам ана емделіп, сәбилерімен үйлеріне қайтса, тағы 17-сі дәрігерлердің қарауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы перинаталдық орталықта 10 шілде күні 25 адамға шақталған карантиндік және 20 орындық провизорлық стационар ашылды. Қазір мұнда дәрі-дәрмек жеткілікті, білікті мамандар да бар. Бүгінде коронавирус жұқтырған 17 жас ана ем алып жатыр.

Болашақ ана перинаталдық орталыққа КОВИД-19 вирусына тапсырған тестің нәтижесімен келуі тиіс. Белгілі бір себептерге байланысты тест жасалынбаса, осындағы дәрігерлердің көмегіне жүгінуге болады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы анасында вирус анықталған жағдайда оны баласынан айырмауға рұқсат берді. Тек, балаға уақытша қоспалар беруге кеңес беріп отыр. Босанған келіншек толығымен жазылғаннан кейін, қайта тест тапсырады, ауру анықталмаған уақытта ғана үйіне жіберіледі. Қазір карантин болғандықтан босануға серіктестерді де кіргізбейміз», - дейді СҚО перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі Наталья Клебан.

Жалпы жыл басынан СҚО-да 2515 сәби дүние есігін ашты. Өмірге бір үшем келсе, егіз туғандардың саны - 38.

«Қазір қанша ұл және қыз бала дүниеге келгендігі жөнінде есеп жүргізбейміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларды бөліп есептемеуге ұсыныс жасап отыр. Тіпті, жүкті әйел ультродыбыстық зерттеуге келген уақытта да баланың жынысын айтуға болмайды. Бұл гендерлік саясатқа байланысты жасалған», - дейді Наталья Клебан.


Соңғы жаңалықтар