СҚО-да коронавирус жұқтырған 30 науқастың 25-і сауығып кеткен

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясынан жазылып шыққандардың қатары 7 адаммен толықты. Қазір жұқпалы аурулар бөлімшесінде облыс бойынша COVID-19-дан тек 4 адам ғана ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да коронавирус жұқтырған 30 науқастың 25-і сауығып кеткен

Бүгін СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев кезекті брифинг өткізіп, қауіпті індеттің таралмауы үшін атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Облыста коронавирустан ем алып жатқандардың төртеуі де қауіпті инфекцияны шеттен: екеуі - Лондоннан, қалған екеуі - Ресейден жұқтырып келгендер.

«Облысқа шеттен келгендер бірден тексеріліп, талдау алынады, бірден карантиндік стационарға алынады. Инфекция анықталған жағдайда жұқпалы аурулар стационарына жатқызылады. Теріс нәтиже көрсеткен жағдайда 14 күнге үй карантиніне жіберіледі. Сол себепті қауіптенуге негіз жоқ», - дейді Руслан Әлішев.

Жалпы облыста 44 блокпост орналасса, соның бесеуі Петропавлда. Ол жерде полицияның 195 қызметкері, 97 дәрігер және 32 санитарлық, ветеринарлық мамандар жұмыс істейді. Бұдан басқа өңірде полицияның 50 қызметкері кезекшілік ететін 13 санитарлық пост ашылған.

СҚО-да COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 86 % тәуір болды. Яғни, бұған дейін 30 дерек тіркелсе, 25 адам жазылып шықты. Біреуі Ақмола облысында, қалған төртеуі Петропавлда инфекциялық стационарда ем алып жатыр.

«Провизорлық стационарларда 4 адам қалды, бұл - әзірлеген орындардың шамамен 3 % ғана, карантиндік стационарларда 51 адам жатыр. Алдын ала жарақтандырылған орындардың тек 5 % ғана пайдаланылып жатыр. Ал үй карантинінде 679 тұрғын отыр», - деді облыс әкімінің орынбасары.