СҚО-да коронавирус жұқтырғандар саны бір айда 6,3 есе өсті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бір айдың ішінде мобильді топтар 11 мыңнан астам шақыртуға барған. Өңірде КВИ бойынша ауру көрсеткіші 6,3 есе артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімдігінің отырысында бүгін өңірдегі коронавирус бойынша жағдай айтылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Аймановтың айтуынша, жыл басынан қауіпті инфекцияның күрт өскені байқалады.
Мәселен 8 қаңтардан бастап жедел жәрдем қызметі 21 мыңға жуық шақыртуға барған. Бір бригадаға артылған жүктеме 23-25 шақыртуға жеткен.
«Ауырғандар санының артуына байланысты мобильді топтар 54-тен 116-ға дейін көбейтілді. Басқармалар мен аудан әкімдіктерінің көмегі арқасында бұл жұмыс дер кезінде атқарылды. Қазір бір мобильді топ тәулігіне 19-22 шақыртуға барады. Желтоқсан айында 2951 шақырту болса, өткен айда оның саны 11 126-ға жетті. Оның 393-інде пневмония, 6 338-інде жедел респираторлық вирустық инфекция болған. Сырқаттанған тұрғындар емханаларда ашылған Call орталықтарға да хабарласа алады. 21 орталықта 71 адам жұмыс істейді. Күнделікті 3 мыңға жуық қоңырау қабылданады. Олардың міндеті сырқаттардың емін бақылауда ұстау, нашарлаған жағдайда мобильді топтарды жіберу. 8 қаңтар мен 8 ақпан аралығында 63 136 қоңырау қабылданған, салыстыру үшін айтайық, желтоқсанда мамандарға 17 мың қоңырау шалынған», - дейді Нұрлан Айманов.
Жалпы амбулаторлық сырқаттардың саны 6,3 есеге өсіп, 3 899-ға жеткен. Науқастар көбейгенімен стационарлардағы адам саны 2,7 есе ғана артты.
Желтоқсан айында 168 сырқат болса, қазір 450 адам ем алып жатыр. Маманның айтуынша, стационарларға күнделікті 50-60 адамнан түседі.
«Қазіргі уақытта 22 сырқаттың жағдайы ауыр. Бұл барлық жатқызылған науқастардың 5 %-ы. 204 сырқат медициналық оттегіге тәуелді. Жыл басынан КВИ-ден 29 адам қайтты. Желтоқсанда қайтыс болғандардың саны – 65», - дейді Нұрлан Айманов.