СҚО-да коронавируспен ауырғандар маусым айымен салыстырғанда 7 есе артты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен ауырған 69 адам жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде маусым айында коронавирус жұқтырудың 503 жағдайы тіркелсе, шілдеде бұл көрсеткіш күрт артып, 2 601-ге жетті. Ал тамыз айынан бері облыста 3 758 адам ауырды. Оның жартысына жуығы – 1 657 жағдай Петропавлдың үлесінде. Аудандардың арасында ең көп ауырғандар – 375 адам Қызылжар ауданында тіркелген. Ал Айыртау ауданында ай басынан бері 349 адам ауырса, ең азы – 44 адам Тимирязев ауданында тіркелді.
Қазір өңірде тәулігіне орта есеппен коронавирус жұқтырған 160 адам анықталады. Бүгінде 798 адам инфекциялық стационарларда ем алып жатыр, олар 47 %-ға толған.
Індет басталғалы СҚО-да 107 адам қауіпті вирустан қайтыс болды. Соңғы он күн ішінде 25 адам көз жұмды.
Өткен тәулікті 159 адамда коронавирус анықталса, жалпы барлық ауырғандар саны облыста 21 403-ке жетті.