СҚО-да коронавируспен ауырғандардың әрбір екіншісі үйде жұқтырған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен ауырғандардың әр екіншісі инфекцияны үйде, отбасылық мерекелерде жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да коронавируспен ауырғандардың әрбір екіншісі үйде жұқтырған

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен аймақтағы КВИ бойынша жағдайға байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Арман Күшбасовтың айтуынша, коронавируспен ауырғандардың 50 % инфекцияны үйде жұқтырған.

«Жұмыс орнында, кәсіпорындарда инфекцияны жұқтыру жағдайлары сирек. Қазір тұрғындар негізінен вирусты үйде бір-біріне жұқтырып жатыр. Оның себебі – кісі көп шоғырланған жерлерде болады, қоғамдық көліктерде жүреді. Сондай-ақ 10-15 адамнан жиналып, үйде отбасылық мерекелерді атап өтеді. Мұндай жерлерде маска тақпайтыны белгілі. Біреуі түшкіреді, біреуі жөтеледі. Осылайша қалғандарына жұқтырады», - дейді облыстың бас санитариялық дәрігері.

2 желтоқсан бойынша СҚО-да COVID-19 жұқтырған 97 адам анықталды. Оның 56-сы Петропавлда, 16-сы Қызылжар ауданында тіркелді.

Жалпы СҚО-да КВИ жұқтырудың 6713 жағдайы тіркелген. Оның 4 мыңнан астамында ауру белгілері болған. Жалпы сырқаттанғандардың 62% медициналық қызметкерлерге ауырып жүгінген.