СҚО-да көшеден табылған әйелдің туған-туыстары іздестіріліп жатыр

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 сәуір күні Ақжар ауданынан Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлге құжаттары жоқ егде жастағы әйел жеткізілді.
Ұмытшақтық ауруымен ауыратын ол өзін түрліше атап, туған жылы мен тұратын жерін айта алмаған.
Медициналық мекемеге орналастырылғаннан кейін әйел туралы ақпарат полицейлер мен волонтерлерге жіберілді.
Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әйелдің жеке тұлғасын анықтау үшін ол айтқан мәліметтерді тексеріп жатыр.
Әйелдің қайдан шығып, қайда бара жатқаны белгісіз.
«Lider.kz» волонтерлер қозғалысының өкілдері әлеуметтік желілерде табылған әйелге қатысты ақпарат таратып, оның таныс, туыстарын іздестіріп жатыр, алайда әзірге нәтиже жоқ.
Қозғалыс үйлестірушісі Кристина Ашпекованың айтуынша, өңір тұрғындары әйелге осы уақытқа дейін көмектесіп келген.
Оның бірі уақытша үйлеріне тұрғызса, енді бірі облыс аумағында көліктеріне отырғызып, елді мекендерге жеткізіп салған.
«Қазіргі уақытта әйелдің жеке тұлғасын анықтау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бағдарлар қалалық басқарма бөліністеріне және аудандық полиция бөлімдеріне, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жіберілді. Тек нақты мәліметтерді білетін азаматтарды хабарласуды сұраймыз. Волонтерлердің іздестіру жұмысындағы үлесін атап өткен жөн, олардың із-түзсіз жоғалғандарды іздестіруде көмектері зор», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.