СҚО-да қостанайлықтарға көмек жинайтын 14 пункт бар, алғашқы көлік жолға шықты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға көмек көрсету үшін барлық аудан орталықтарында және Петропавлда арнайы пунктілер ашылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, гуманитарлық көмекті қабылдау пунктілері партияның барлық филиалдарында бүгін таңертең ашылды.
Қостанай облысында болған өрттен зардап шеккендер үшін тұрғындар гигиеналық заттарды, көрпе-жастық, киім-кешек және ұзақ уақыт бүлінбей сақталатын азық-түлік – ұн, макарон өнімдерін, шай, тұз, күріш, тағы басқа тағамдарды тапсырып жатыр. Заттарды «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері қабылдайды.
«Таңғы сағат 8:00-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Депутаттар, қоғам өкілдері, партиялықтар көмектесіп жатыр. Бүгін сағат 20:00-де Қостанайға алғашқы көмекті жөнелттік», - дейді «Жастар Рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы Біржан Құдайбергенов.

Алғашқылардан болып көмек қолын созғандардың бірі – Қайыржан Айсин. Петропавл тұрғынының пікірінше, қиын сәтте елдікті көрсету – парыз.
«Мен нақты іспен көмектескім келді. Өзімді бір мезетте үйсіз-күйсіз қалғандардың орнына қойсам, денем түршігеді. Осындай уақытта қазақстандықтар бірлік танытулары керек. Баршаңызды көмек көрсетуге шақырамын», - дейді ол.
