СҚО-да құбырмен келетін судың сапасы төмен
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер ҚР Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттарымен кездесіп, көкейлерінде жүрген мәселелерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттармен кездесуге шағын, орта және ірі бизнес өкілдері, түрлі салада жүрген кәсіпкерлер келді. Өйткені бұл - мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс жергілікті мәселелерді Үкіметке жеткізудің бірден-бір жолы.
Кәсіпкерлер кездесуде электр қуатына сараланған тарифтің алынып тасталғанына наразылық білдірді. Салдарынан кейбірінің шығыны млн теңгеден асып кеткен. СҚО мен РФ Қорған облысы, Есілкөлдегі шекарадан өту мәселесі де әлі күнге шешілмеген. Бүгінде мұнда бар құжат қолмен толтырылады және бір елден екіншісіне өту үшін 4-5 сағат күту қажет.
Талқыға түскен тағы бір мәселе – су құбырымен келетін ауыз судың сапасы. «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің сүт зауытына шетелдік қондырғыны жуу үшін қосымша су тазартқыш жүйені іске қосуға тура келген. Құбырмен келіп тұрған судың сапасыздығы сондай, неміс қондырғысы істен шыға жаздаған. Қазір бұл суды облыстың барлық тұрғындары тұтынады. Петропавлда балама су көздері жоқ. Кәсіпкерлер депутаттардан оның сапасын жақсартуға, жалпы өңірдегі таза су мәселесін шешуге атсалысуды сұрады.


«Сумен қамту мәселесімен қазіргі уақытта жаңадан құрылған министрлік айналысады. Преснов тораптық су құбырын жаңғырту жұмыстары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты есеп комитеті биыл облысқа бір тиын да бөлмеуді шешті. Бірақ біз араласқаннан кейін бірінші және екінші кезеңді аяқтауға 500 млн теңге берілді. Бұл жұмыстар орындалғаннан кейін ғана 2021 жылы Сергеев және Тайынша бағытына 2,5 млрд теңге бөлінеді», - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина.
Кәсіпкерлер сондай-ақ минералды тыңайтқыштарға субсидия алуда, малды бордақылауда, жер учаскесін ресімдеуде және ауыл шаруашылығы жұмысшыларына зейнетақы тағайындауда кездесетін түйткілдерді ортаға салды.



«Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысшылары зейнетке шығар кезде бір жылдың тек бірер айы ғана есепке алынады. Біз Салық кодексіне сай барлық төлемдерді 15 қараша мен 31 наурыз аралығында жасадық. Қазір зейнетақыны есептеп шығарарда тек осы айлар ғана есепке алынады. Құрметті депутаттар, осы мәселені анықтасаңыздар екен», - деді «Оптимум Петро» ЖШС директоры Раиль Мендеев.
Мәжілісмен Кәрібай Мұсырман кәсіпкердің өтінішін өз бақылауына алып, анық-қанығын білуге уәде етті.