СҚО-да құрбанға шалынатын қойдың бағасы - 50 мың теңге

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құрбандыққа малды онлайн түрде шалуға 20 шақты адам өтініш білдірсе, одан екі есе артық адам мал етін алуға ниет танытқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да құрбанға шалынатын қойдың бағасы - 50 мың теңге

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбанды көпшілік мешіттерде немесе арнайы орындарда шалмайды. Qurban2020.kz сайты арқылы шалатын малға тапсырыс беруге болады.

«Құрбандық шалуға тапсырыс беру үшін сайтқа кіріп, тұратын өңіріңізді, қала немесе ауданды таңдайсыз. Екіншіден аты-жөніңіз бен ұялы телефоныңызды жазасыз. Малдың түрін таңдап, қажетті соманы банк шотына аударасыз. Кейін қажет болса біз WhatsApp арқылы шалынған құрбандық туралы есеп береміз», - дейді облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Мухаммадзахир Мирзаев.

Биыл мешіт қызметкерлері сойылған мал етін толығымен жоқ-жітіктерге таратып беруге ұсыныс жасады.

«Қауіпті аурудың таралуына жол бермеу мақсатында барлық сақтық шараларын қолға аламыз. Мұқтаж жандарға мал етін волонтерлер таратады. Оларды қажетті медициналық маска, қорғаныш киімдерімен қамтыдық. Бүгінге дейін сайт арқылы 20-ға жуық адам құрбан шалуға өтініш білдірді. Бұл – азырақ. Бірақ құрбан шалу Құрбан айттың үш күніне жалғасады. 3-4 шаруашылықпен қой, тағы сонша фермамен ірі қара мал алуға келістік», - дейді наиб имам.

СҚО-да құрбанға шалынатын тоқтының бағасы - 45 мың, қой – 50 мың және ірі қара мал - 300 мың теңге болып бекіді. Бұл сомаға қасапшының қызметі де кіреді.

«Қасапшылар құрбан малды сою бойынша былтырлары арнайы курстан өтті. Мал союға жібермес бұрын оларды медициналық тексерістен өткіземіз, дене қызуын өлшейміз. Құрбан шалу орны Петропавлда орналасқан. Ол жерде ветеринарлар, санитариялық дәрігерлер, жергілікті билік өкілдері және полиция қызметі кезекшілік атқарады», - дейді Мухаммадзахир Мирзаев.

Бүгінде өңір мешіттеріне жәрдемге аса мұқтаж 380 отбасы тіркелген. Олардың әзірше қырыққа жуығы Құрбан айтта мал етін алуға ниет білдірген.

Ақерке Дәуренбекқызы