СҚО-да құс фабрикасында шыққан өртті сөндіруге шамамен 60 адам тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Прибрежное елді мекенінде жұмыртқа лотогын жасайтын цех өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданындағы Прибрежное елді мекеніндегі цех ғимаратында өрт шыққандығы жөнінде хабар «101» нөміріне 2 мамыр күні сағат 18.32-де түскен.

Өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде цехтың конвейер-қойма бөлігінде картоннан жасалған жаймалар мен шатыры және 100 шаршы метр аумақтағы брикеттелген қағаз қалдықтары жанып жатқан. Мамандардың айтуынша, қатты жел және нысанда судың болмауы, сондай-ақ картон жаймалардың көптігі өрт сөндірушілердің жұмысын қиындата түскен. Жалынмен күреске Петропавл қаласының 4 бөлімшесі және Бескөл ауылының өрт сөндіру бөлімшесі тартылды. Оқиға орнында 58 адам және 9 арнайы техника жұмыс істеді.

Өртті тек 20 сағат 44 минутта ғана толық ауыздықтау мүмкін болды. Салдарынан 200 шаршы метр аумақтың шатыры және дайын тұрған өнім – 10 мың дана жұмыртқа жаймасы жанып кетті. Сондай-ақ 900 шаршы метр аумақтың шатырына зақым келді.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, өрттің шығу себебі және келген шығын мөлшері анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар