СҚО-да күш құрылымдары арасында қазақ күресінен республикалық жарыс өтіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында күш құрылымдары арасында қазақ күресінен өтіп жатқан республикалық жарыс майдангер Ахмет Тұмарбековтың 100 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық жарыс ҚР ІІМ спартакиадасы мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы ведомствоаралық спартакиадасының бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Биыл ол ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысушы, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековтың 100 жылдық мерейтойына арналды.
Салтанатты ашылу салтанатында спорт пен дене шынықтыру саласын дамытуға, «Динамо» ДШСҚ мен күштік құрылымдардың имиджін көтеруге үлес қосқаны үшін спортшылар мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонағы – «Динамо» ардагері, СҚО-дағы қазақ күресінен КСРО-ның бірінші спорт шебері Бауыржан Құлжановты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Боз кілемдегі кездесулер Петропавлдағы Александр Винокуров спорт сарайында өтіп жатыр. Республиканың түкпір-түкпірінен келген погонды 176 спортшы өздерінің төзімділігі мен шеберлігін сынауға жиналды. Олар 32 команданың намысын қорғамақ. Жекпе-жектер алты салмақ дәрежесінде өтіп жатыр.
СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мұндай іс-шаралар жеке құрамды жақсы дайындықта болуға ынталандыратынын, командалық рухты қалыптастырып, полицияның имиджін арттыруға және саламатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.