СҚО-да құтқару қызметінің 65 маманы вакцина салдырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайлар департаментінің 65 қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алды. Қалғандары жақынкүндері өңірге қажетті вакцина келісімен егілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ баспасөз қызметінің мәліметінше, вакцинацияның алдында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері арасында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілді.
Екпе алудың маңыздылығы түсіндірілді, жадынамалар таратылды, Петропавлдағы№ 2 емхана өкілі - эпидемиолог дәрігер Фарида Мұхамеджановамен кездесу ұйымдастырылды.
«Дәрігер профилактикалық егулерге қатысты нормативтік құжаттармен таныстырып, вакцина егуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізімін, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны енгізу механизмі мен тактикасы туралы айтты. Сондай-ақ, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді», - дейді «СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ баспасөз хатшысы Амангелді Әуесханов.
Құтқарушылардың алғашқы легі – 65 адам № 2 емханада COVID-19-ға қарсы вакцинаны алды. Қалған қызметкерлер жақын күндері өңірге вакцина келісімен егілмек.
«Медициналық мекемеде барлық қажетті қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып екпе алдық. Бұл – жауапты шешім. Отбасым мен айналамдағы адамдар алдындағы жауапкершілікті түсіне отыра вакцина салдырдым», - дейді Петропавл қаласының № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің Данияр Әлімкин.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде 6980 адам вакцинаның бірінші компонентін алды. 2280 адам толық вакциналаудан өтті.






Бұған дейін СҚО-да коронавирус вакцинасының тұрғындарға да салынып жатқанын айтқан едік. Өңірде екпені 16 пункте тегін алуға болады.