СҚО-да құтқарушылардың алғашқы тобы су тасқыны болуы мүмкін ауданға көмекке аттанды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы тобы Ғабит Мүсірепов ауданына су тасқынының алдын алу үшін аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да құтқарушылардың алғашқы тобы су тасқыны болуы мүмкін ауданға көмекке аттанды

СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, су тасқынымен күрес тобына жеке құрамнан 23 адам кірген, сондай-ақ жол талғамайтын көліктер мен жүзу құралдары жіберілді.

«Мұндай іс-шара дәстүрлі, облыстың су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аймақтарына осылай құтқару тобын жасақтап жібереміз. Жалпы департамент 9 топ құрды. Бірінші топ Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға аттанды. Қалғандарын жағдайға байланысты жібереміз. Кезекте Тимирязев және Айыртау аудандары тұр. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдайды үнемі назарда ұстап отырмыз», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, бүгін 27 наурызда Ғ.Мүсірепов және Айыртау аудандарында су қоймаларында мұзды жару жұмыстары жүргізіледі. Өзендердің сағасы тазартылып, қардың елді мекендерден шығарылуы, көше-аулалардан судың сорылуы бақылауда болады.

Бұған дейін СҚО-да 1,5 мыңға жуық тұрғыны бар 42 елді мекенді су басу қаупі бар екенін айтқан едік. Жалпы өңірде 6 мыңнан астам тұрғыны бар 85 елді мекен көктемгі су тасқынында зардап шегуі мүмкін. Оның 30-ы өзен деңгейінің көтерілуінен, 13-і көлдер суының тасуынан, 42-сі еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін.