СҚО-да КВИ-ге байланысты алты елдімекеннен карантин алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты 11 елдімекеннің алтауынан карантиндік шектеулер алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да КВИ-ге байланысты алты елдімекеннен карантин алынды

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірдегі коронавирус бойынша ағымдағы жағдайға қатысты брифинг өткізді. Облыстың бас санитариялық дәрігері Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде КВИ бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі. Вирусты жұқтырғандардың күрт артуына жол бермеу мақсатында қазір өңірде екі ауданның 6 елдімекені карантинге жабылған.

«Есіл ауданында төрт елдімекен: Явленка, Ясновка, Николаевка, Петровка карантинге жабық. М.Жұмабаев ауданында Булаев қаласына және Таманское елдімекеніне кіріп-шығу шектелген. Ал солардың қатарында болған 4 ауданның бес елдімекенінен және Петропавл қаласынан блокпосттар алынды», - дейді Арман Күшбасов.

Өткен тәулікте СҚО-да коронавирусты жұқтырудың 63 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 40 адам дәрігерлерге ауырып қаралған. Петропавлда -29, Тайынша, Тимирязев және Жамбыл аудандарында 7 адамнан тіркелді.

Жалпы өңірде КВИ жұқтырудың 7966 жағдайы анықталды. Олардың 351-і - 4,4% шекара асып келгендерде тіркелді. 18%-і профилактикалық тексеру барысында өздерінің қауіпті инфекцияны жұқтырғандарын білсе, 22% ауырғандармен байланысты болғандардан анықталған. Ал барлық ауырғандардың 61%, яғни 4830 адам дәрігерге ауырып қаралған.