СҚО-да КВИ жұқтырған 195 жүкті әйелді мерзімінен бұрын босандыруға тура келді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 10 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауына алынған, екеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов індет басталғалы 195 әйелді мерзімінен бұрын босандыруға тура келгенін айтты. 123 сәбидің жағдайы жақсы болған, 72 сәби шала туған. Үш шақалақ шетінеді. Сондай-ақ КВИ жұқтырған жаңа босанған ана да қайтыс болды.

Жалпы індет басталғалы СҚО-да 660 жүкті әйел коронавирус жұқтырған, олардың 650-і тәуір болды. Қазір 10 әйел дәрігерлердің бақылауында, екеуі стационарда ем алып жатыр.

«Желтоқсан айында балалар арасында да коронавирусты жұқтыру жағдайлары азайды, 54 %-ға қысқарған. 20 қарашада 156 бала дәрігер бақылауында болса, қазір олардың саны – 69. Өткен жылмен салыстырғанда балалар жиі ауыратын болған. Бұрын ауру белгілері болмаса, қазір оларда да дене қызуы көтеріледі, демікпе пайда болады», - дейді Нұрлан Айманов.

СҚО-да COVID-19-дан қайтыс болғандар саны 400-ден асып кетті. Соңғы бес айда 375 адам ауырып көз жұмған.

«Індет басталғаннан 15 шілдеге дейін 43 адам қайтыс болса, дельта штамының әсерінен кейін бұл көрсеткіш күрт артты. Көз жұмғандардың 19-ы вакцинация курсынан толық өткен. Олардың ауыр ілеспе аурулары болған», - дейді Нұрлан Айманов.

Бұған дейін «Омикрон» тіркелген елдерден келген 37 солтүстікқазақстандықтың үй карантинінде отырғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар