СҚО-да қылмыстық топтың әрекетінен келген шығын 2 млрд теңгені құрады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы екі қылмыстық ұйымды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қадағалаушы органның баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жүргізілген талдаулар мен тексерістер кезінде салық төлеуден жалтару үшін қолданылған қылмыстық схемалар анықталды.
Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жалған шот-фактуралардың көшірмесін жасау бойынша заңсыз қызмет көрсеткен екі қылмыстық топ әшкереленді.
«Олардың бірі18 кәсіпорын жұмысымен айналасып келген болса, екіншісі экстремистерді қаржыландырды деген күдікке іліккен. Екі топтың заңсыз қызметінің салдарынан мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам сомада залал келтірілген», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қылмыстық топтардың жолы кесілді, екі тұлға ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.