СҚО-да қыркүйек айынан бері 300-ге жуық оқушы коронавирус жұқтырған
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы 281 оқушы қауіпті вирусты жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Арман Күшбасов коронавирус бойынша өңірдегі ахуалға байланысты өткен брифингте өткен аптаны қорытындылады. Маманның айтуынша, 14-20 желтоқсан аралығында облыста КВИ жұқтырудың 457 жағдайы тіркелген. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда 7,6% төмен.
«КВИ дерті өңірде тіркелгелі онымен жас санатындағылар ауырған. Әсіресе 60 жастан асқандардың үлесі жоғары, оларға барлық ауырғандардың 27%-і тиесілі. Жұқтырғанардың 19% - 50-59 жас аралығындағылар болса, 17%-і – 30 бен 39 жас аралығындағылар. Сондай-ақ вирус жұмыс істейтіндердің арасында жиі таралады, ол - 32% құраса, екінші орында 23% зейнеткерлер тұр», - дейді Арман Күшбасов.
Қыркүйек айынан 281 оқушыда COVID-19 анықталған. Олардың 143-і білімді қашықтан алып, вирусты туған-туыстарынан жұқтырған. Қазіргі уақытта тағы 6 мектеп балалардың ауруына байланысты қашықтан оқуға көшірілді.
«КВИ шекара асып келетіндерде де жиі тіркеледі. 6 қазан мен 19 желтоқсан аралығында Ресейден автомобиль жолдарындағы шекара бекеттері арқылы 39 мың адам өтті. 2134 адамда ПТР тест қорытындысы болмаған, солардың 208-інде COVID-19 анықталды. 21-і инфекциялық стационарға жатқызылса, 187 амбулаторлық ем алуға жіберілді», - дейді облыстың бас санитариялық дәрігері.
Арман Күшбасов сондай-ақ облыс орталығының 25 желтоқсаннан бастап жабылмайтынын мәлім етті. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде осы жайында алып-қашпа әңгімелер көбейіп кеткен еді.
«Карантин талаптарын күшейтіп, облыс орталығын жабу біздің жоспарымызда жоқ. Өйткені оған негіз жоқ, СҚО бүгінде «сары аймаққа» енген. Әлеуметтік желілерде 25 желтоқсаннан Петропавл қаласы жабылады деген жазба тарады. Бұл бос сөз», - деді СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Арман Күшбасов.