СҚО-да қыз баланы аман алып қалған тәртіп сақшысы марапатталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі СҚО ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО-да қыз баланы аман алып қалған тәртіп сақшысы марапатталды

Шарада жедел қызмет барысында қол жеткізген жетістіктері үшін 100-ден астам полиция қызметкері марапатталды. Марапатқа сонымен қатар құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлесін қосқан бірқатар қоғам өкілдері де лайықты деп табылды.

Бұл ретте құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастарына барынша көңіл бөлінді. «Бүгінгі таңда облыстың ішкі істер органдарында 80 Тәуелсіздікпен құрдас азамат қызмет ететіні қуантады. Еліміздің одан әрі дамуы біздің жұмысымыздың тиімділігі мен алдыға қойылған міндеттерді шеше алуымызға байланысты»,-деп атап өтті СҚО ІІД-нің бастығы Берік Билялов.

Марапатталғандардың арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің құрдасы Петропавл қаласы ІІБ-ның ЖЖП-ның жолдағы шолғыншылар батальонының қызметкері, полиция сержанты Юлий Данильченко да бар. Оған «Ерлігі үшін» медалі табыс етілді.

Биылғы жылдың мамыр айында полиция қызметкері «Есіл» өзенінің жағасындағы 24 метрлік биіктіктегі жардан құлап кеткен 24 жасар қызды аман алып қалды. Салтанатты рәсімде бірқатар қызметкерлердің үздік қызметі үшін әскери шендері көтерілді. Сондай-ақ 30 полиция қызметкері «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен және бірқатар азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.