СҚО-да қызметі кезінде қаза тапқан құтқарушыларға ескерткіш қойылды
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемориалдың ашылу салтанатына азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, 2015 жылғы 31 желтоқсанда өрт сөндіру кезінде қаза тапқан № 5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Алтынбек Әбдірахмановтың туыстары мен жақындары және жеке құрам қатысты.


«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері 50-ден астам өрт сөндіруші мен құтқарушы отпен және төтенше жағдайлармен күрес барысында мерт болды. Олардың қатарында біздің жерлесіміз Алтынбек Әбдірахманов та бар. Алтынбек сияқты адамдардың есімдері мен тағдыры азаматтық қорғау органдарының тарихына мәңгі жазылмақ. Әр қызметкер оларды мақтан тұтады»,- деді салтанатты рәсімді ашқан ТЖД бастығы Рамиль Камалов.
Қайғылы оқиға 2015 жылы 31 желтоқсан күні болды. Петропавлдағы Бензострой ықшам ауданында жекеменшік үй өртеніп, өрт сөндірушілер жалынға оранған үйде болған ер адамды құтқарады. Сол жолы 27 жастағы Алтынбек Әбдірахманов қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан еді. Өрт сөндіру бөлімінің командирінің үстіне үйдің төбесі опырылып құлаған.
Мемориалдың ашылу салтанатында азаматтық қорғау органдарының ардагерлер ұйымының өкілдері, Алтынбек Әбдірахмановтың туған-туыстары мен жақындары сөз сөйледі. «Мен өз борышын аяғына дейін орындаған өз ұлымды мақтан етемін! Және де әр құтқарушы үйіне аман-сау оралуына тілектеспін», – деді қаза тапқан өрт сөндірушінің әкесі Орал Әбдірахманов.
Шапаға жиналғандар мен Алтынбектің туған-туыстары мен отбасы мүшелері бір минут үнсіздікпен қаза болғандарды еске алып, гүл шоқтарын қойды.


