СҚО-да қызметтік көлікті жеке басына пайдаланған мемқызметшілер жазаланды

Солтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Ережеп Жанатаев демалыс күні қызметтік көлігін пайдаланған. Ережеп Жанатаев мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің хатына қызметтік іс бойынша вокзалда болып, министрліктен хат алдым деп жауап берген. Кейін анықталғандай, министрліктен ешқандай тапсырма болмаған.
«Ережеп Жанатаев вокзалға өзінің жеке шаруаларымен барған. Мемлекеттік мүлікті қолдану бойынша шектеуді бұзған. Бұл дегеніміз, Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және Этикалық кодекс нормаларын бұзған болып саналады», - деді СҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.
Ережеп Жанатаев өз кінәсін мойындады. Тәртіптік кеңес мүшелері ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Айыртау аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рүстем Дәулетовке қатысты тағы бір тәртіптік іс қаралды. Ол қызметтік уақыттан тыс кезінде мас күйінде автомобильмен жүрген. Тәртіптік кеңес мүшелері аудан әкіміне Рүстем Дәулетовке қатаң сөгіс беруді ұсынды.