СҚО-да қызыл паспортпен жүрген 7 адам жаңадан жеке куәлік алды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында КСРО паспортымен жүрген 7 тұрғын биыл жеке куәлікке қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде 1974 жылғы үлгідегі қызыл түсті КСРО паспорттары қолданыстан алынған. Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттар республикада 1994 жылы енгізілді. Ескі паспортпен жүрген адамдар бірқатар мемлекеттік қызметтерді алуға, төлемдерді рәсімдеуде құқы шектелген. Дегенмен, тұрғындардың арасында қандай да бір себептермен ескі төлқұжаттармен өмір сүріп жатқандар бар.

СҚО ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері мұндай адамдарды құжаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Петропавлдың 49 жастағы тұрғыны құжаттарды рәсімдеуге көмек сұраған. Көші-қон полицейлері оның азаматтығын анықтау рәсімін жүргізді.

«Қала тұрғыны үшін жеке куәлік дайындалды, енді ол біздің мемлекетіміздің барлық қызметтерін пайдалана алады.

Ескі құжаттармен жүрген солтүстікқазақстандықтарды мәселені шешуді кейінге қалдырмауға және өздерінің құқықтық мәртебесін реттеуге шақырамыз», – дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Жыл басынан бері көші-қон қызметінің қызметкерлері СҚО-ның жеті тұрғынына ҚР азаматтарының куәлігін алуға көмектесті.


Соңғы жаңалықтар