СҚО-да қызылша ауруына шалдығу күдігіне ілінген 52 оқиға тіркелді

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, ауруға шалдығудың басым бөлігі Петропавл қаласында тіркелген - 43, сондай-ақ Ғ.Мүсірепов атындағы аудан, Жамбыл ауданы және Шал ауданында - бір-бірден, Қызылжар ауданында төрт жағдай және Уәлиханов ауданында үш оқиға тіркелді.
11 оқиға бойынша «қызылша» диагнозы расталған жоқ, ал 15 науқаста аурудың диагностикасы жалғасып жатыр. 28 адам емделіп, ауруханадан шығарылды. Стационарда 9 адам жатыр, тағы 14-і амбулаторлық ем қабылдауда. «Қызылша» ауруының зертханалық жолмен расталған 26 оқиғасы тіркелген. Соның ішінде бір жасқа дейінгі 9 бала, 1-14 жас аралығындағы 8 бала бар. Дертке шалдыққандар арасында 40 жастан асқан ересек солтүстікқазақстандықтар да бар.
Арнайы штаб жұмыс істеп жатыр, медициналық қызметкерлермен семинарлар өткізілді, емханалар мен аумақтық басқармалардың демалыс күндері жұмысы ұйымдастырылды. 8 800 08 08 103 нөмірі бойынша колл-орталық қызмет етуде, кеңес сұрағандарға инфекционист дәрігерлер мен эпидемиологтар жауап беріп жатыр. Барлық медициналық ұйымдарға науқастар мен олармен байланыста болған адамдардан материал алу және жеткізу әдістері бойынша кеңестер дайындалып, жіберілген. Медициналық қызметкерлер, мектеп және интернат мектептерінің оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері және 30 жасқа дейінгі тұлғалардың егілуін тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Автор: Олеся Жуковень