СҚО-да лаңкестік пен экстремизмді насихаттаған тұрғын 7 жылға сотталды
СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының С. Есімді тұрғыны 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың маусымына дейін діни радикалдық бағыттағы фото-видео ақпаратты интернет сайттардан жүктеп, кейін әлеуметтік желідегі өз парақшаларында жариялап, мессенджерлер арқылы басқалармен бөліскен.
«Материалдардың барлығы діни алауыздық тудыруға, лаңкестік пен экстремизмді насихаттауға, қарулы қақтығыстарға қатысуға, соның ішінде «қарулы жиһадқа» шығуға шақырады», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сотталушы өз әлеуметтік парақшаларында әркімге қолжетімді діни мазмұндағы роликтерді орналастырғанын мойнына алғанымен, терроризмді насихаттағанын теріске шығарды.
Сотталушының кінәсін дәлелдеу үшін кешенді сот психолого-филологиялық және діни сараптама жасалып, теолог сарапшының пікірі негізге алынды.
Тайынша ауданының 36 жастағы С. Есімді тұрғынының отбасы және қарауында кішкентай балаларының болуы оған артылған қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетті. Алайда сот жаза кесуде қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға әкелер қаупін, сотталушының тұрақты түрде қылмысты жасағанын және істеген ісіне өкінбейтіндігін ескерді.
Петропавл қалалық соты С.-ны кінәлі деп тауып, оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемесінде өтейтін болады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.