СҚО-да лауазымды тұлғалар кәсіпкерлерді заңсыз тексергені үшін жауапқа тартылды

документы
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Прокурорлар бизнеске қатысты 29 салық тексерісін заңсыз деп тауып, күшін жойды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мәлім етті. 

Петропавл прокурорлары тексеріс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын салықтық тексерулерді заңсыз жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтар болғанын анықтады. 

«Петропавл қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасының лауазымды тұлғалары Кодекс талаптарын бұза отырып, кәсіпкерлерге қатысты белгіленген заңды негіздерсіз 9 салықтық тексеру жүргізген. Тексерулерді тағайындауға облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің негізсіз тапсырмасы себеп болды» — делінген хабарламада.

Осындай заңсыз тексерулер Есіл, Қызылжар, М.Жұмабаев, Шал ақын және Мамлют аудандарының мемлекеттік кіріс органдарында да анықталғаны белгілі болды. 

«Қадағалау органының актілері бойынша мемлекеттік кірістің аумақтық органдарының лауазымды адамдар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, 29 салықтық тексеру заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сонымен бірге, облыстық қадағалау органының шаралары бойынша тексеру жүргізу туралы заңсыз тапсырма бергені үшін департаменттің жауапты басшылары сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды» - деп хабарлады құзырлы орган.

Нәтижесінде қабылданған қадағалау шаралары облыстағы 29 кәсіпкердің құқығын заңсыз салықтық тексерулерден қорғауға мүмкіндік берді.

Қадағалау органы бизнес субъектілеріне олардың құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда, олар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ (байланыс нөмірі +7-705-842-73-06) арқылы облыстық прокуратура қызметкеріне тікелей хабарласа алатындықтарын еске салады.

 

Соңғы жаңалықтар