СҚО-да мәдениет саласындағы кадр жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіліп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет саласында кадр жетіспеушілігі мәселесі өзекті. Маман тұрақтамауына не себеп? «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесінің қорытынды отырысында осы мәселе қозғалды, деп хабарлайды Kazinform.
Мамандардың айтуынша, 2010 жылдан бастап СҚО-ның мәдениет саласында кадр жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Шешімі табылмаса алдағы уақытта бұл салада жұмыс істейтін маман қалмауы мүмкін. Мұның алдын алу үшін мақсатты жұмыс жүргізілуі тиіс.
Ең алдымен, өнер адамдарының жоғары сынып оқушыларымен кездесулерін ұйымдастырып, кәсіптік бағдар берген жөн. Мәдениет саласында маман тұрақтамауының басты себебі - қызметкерлерінің төмен еңбекақысы, баспана сияқты әлеуметтік мәселелерінің тиісті деңгейде шешілмеуі.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Санат Әубәкіров бұл мәселені шешуге ведомство қауқарсыз екенін мойындады.
Былтырдан бастап СҚО-да облыс әкімінің гранты беріліп келеді, қазір 15 адам еліміздің 5 жоғары оқу орнында орындаушылық өнер, театр өнері, режиссура, артменеджмент, мәдени-демалыс жұмысы мамандықтары оқып жатыр.
Биыл осы мақсатқа 18 грант бөлінді, олар: орындаушылық өнер, театр өнері, бейнелеу өнері, режиссура, арт-менеджмент, мәдени-демалыс жұмысы, музыка мұғалімдерін даярлау мамандықтары бойынша. Қазіргі уақытта жастар Қазақ ұлттық өнер университетінде, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Құрманғазы атындағы консерваторияда және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім алып жатыр.
Кеңес отырысында мәдениет басқармасының жұмысына қатысты бірқатар сын айтылды. Мәселен, белгілі тұлғалардың мерейтойлары тиісті деңгейде аталып өтіп жатқан жоқ, мерекелік іс-шаралардың бағдарламасы, форматы өзгертуді талап етеді, дәстүрлі әнге, мемлекеттік тілге қажетінше көңіл бөлінбейді.
Мәдениет басқармасы келесі жылдың жоспарын «MIRAS» мүшелерімен бірлесіп талқылауды ұсынды. Сондай-ақ Санат Әубәкіров Жол картасында жоспарланған мәдениет нысандарын күрделі жөндеу барысы және нәтижесі, облыс тұрғындарын мәдени іс-шаралармен қамту туралы есеп берді.