СҚО-да малдың аштан қырылып жатқаны рас па
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бейресми жағдайда өңірдің тілшілер қауымымен кездесті. Өңірде қолға алынатын ірі жобалармен таныстырып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

СҚО-да қазіргі уақытта өзекті мәселе көп: қалың жауған қардың елді мекендерден дер кезінде шығарылуы, көктемгі су тасқыны салдарын барынша азайту, жолдардың сапасы.
Сондай-ақ жұрттың қысқа дайындаған жем-шөбі азайып, ұзынның қысқарған, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы.
Қоян жылы әдеттегідей мал үшін жайсыз болды. Осыған орай тілшілер СҚО әкімінен мал шығыны жайында сұрап білді.
Өңір басшысының айтуынша, СҚО бойынша 135 мың жылқы бар. Ақжар ауданында 16 мың, ал 1 млн 270 мың га аумақты алып жатқан Уәлиханов ауданында 21 мың жылқы ұстайды.
Бұл аудандардың тұрғындары қорадағы малына жеткілікті мөлшерде қысқа шөп-сабан жинап алған. Шаруашылықтарда да мұндай мәселе жоқ.
«Биыл қыс жағдайы өте қиын. Қыста жаңбыр жауып, қатырып тастады. Қазір қай ауданға барсаңыз да, жабайы жануарлар — елік, маралдар жолдардың, ауылдардың маңында жүр. Өйткені тебіндей алмайды. Бірер күн бұрын Уәлиханов ауданындағы Қайрат пен Жасқайрат ауылдарына барып, халықпен кездесіп, жағдайды білдім. Жалпы өңірде малдың жаппай қырылу фактілері тіркелген жоқ. Бірен-саран бар. Өлген мал шеттен келіп, үйірге жылқыларын қосқандардыкі. Яғни малды әкеліп қосады, ол қысы-жазы жылқышының бақылауында далада жүреді. Биылғыдай қалың қарда, көк мұзда олар тебіндей алмай, салдарынан бірен-саран өлген мал бар. Мұны естігеннен кейін кәсіпкерлермен сөйлесіп, арзан бағада жем-шөп ала бардық. Малға азық жіберген жігіттерге алғыс айтамын», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімінің айтуынша, аудан, ауыл әкімі өзіне бекітілген аумақтағы жағдайды біліп, бір-екі айға бұрын болжап отыру керек.
«Қазір аудандарда есебі жоқ, ешқайда тіркелмеген мал көп. Ол қайдан келді, иесі кім, қысқа тиісінше жем-шөп дайындады ма, қай жерде жайылып жүр — хабардар болып отыруы тиіс. Егер қыс қатты болса жылқылармен не істейсің? — деп сұрауы керек. Бұл — халықтың малы ғой. Ауыл шаруашылығы басқармасына, бірінші орынбасарыма, ветеринарлық дәрігерлерге соңын, яғни көктемгі су тасқыны мен күннің жылынуын күтпей анықтауды тапсырдым. Далада өлген немесе арық мал болса жинап алу қажет», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ақжар, Уәлиханов аудандарына арзандатылған бағамен шөп пен сабан тиелген алғашқы көліктер келді. Бұл мәселені СҚО әкімі жеке бақылауында ұстамақ.