СҚО-да мас жүргізуші көлігімен көлге түсіп кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлікке мас күйде отырған жүргізуші рөлге ие бола алмай көлге түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да мас жүргізуші көлігімен көлге түсіп кетті

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше 8 маусым күні Мамлютка қаласы маңындағы көлде болған. Мамлют аудандық полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Азамат Дәуітов кезекші бөлімге жалғанған бейнекамералардан төңіректі шолып отыр қалаға кіре берісте «Nissan Almera Classic» маркалы көліктің жол шетіне шығып кетіп, көлге барып аударылғанын көреді. Бірден әріптестеріне хабарлап, олар тез арада оқиға орнына аттанады. Сақшылар жеткенге дейін жүргізуші аударылған көліктен өздігінен шыққан.

Кейін жүргізушінің мас және рөлге ие бола алмай қалып, аударылғаны белгілі болды.

«Медициналық куәландырудың нәтижесіне сәйкес 44 жастағы ер адамның спирттік ішімдік ішкені расталды. Көлікті мас күйде басқарғаны үшін оған қатысты әкімшілік материал жиналды. Сот шешімімен көлік жүргізушісіне 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», - деді Мамлют ауданы Полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.