СҚО-да мектеп бюджетін жариялап отыру ұсынылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында мектептердегі ақша жинау мәселесі мен қамқоршылық кеңестердің жұмысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, ведомство басшысы Елена Степаненко мектеп директорларымен кездескен. Анықталғандай, мектептер ата-аналарға қамқоршылық кеңестердің жұмысы туралы толық ақпарат ұсынбайды.
«Мектептерде, балабақшаларда ақша жинауды доғару үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі міндетті толық қаржылық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынады. Бұл қаржыны оңды-солды пайдалану мен сыбайлас жемқорлықты жоюға септігін тигізеді», - дейді Е.Степаненко.
Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің инспекторы Светлана Зайцеваның айтуынша, білім беру саласы жемқорлық жайлаған салалардың біріне айналған. Жағдайды реттеу үшін жұмыла кірісу қажет.
Кездесуде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мәселесі де талқыланды. Бұл оқу жылының басынан елдің мазасын кетіретін жайт. Е. Степаненко басшыларға қызметтік міндеттемелерін атқару кезінде мүдделердің түйісуіне жол бермеу қажеттігін тағы бір рет ескертті.