СҚО-да мектеп оқушысы құрамында 250 адамы бар іздеу жасағын басқарады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 17 жастағы мектеп оқушысы екі жыл бұрын іздеу отрядын құрып, оның мүшелері бүгінде полицейлерге жоғалған адамдарды табуға көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Евгений Соловьев 17 жаста ғана. Петропавлдағы 42 орта мектептің 11-сыныбында оқиды. Белсенді жас осыдан екі жыл бұрын СҚО-ның «Ең үздік волонтері» атанды.
«12 жасымнан қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келемін. Алғашында мектепте концерт ұйымдастырып, сынып жетекшісіне көмектестім. Кейін қаладағы іс-шараларға қатыса бастадым. Ал волонтерлікке саналы түрде 13 жасымда келдім. Онда да көбіне ұйымдастырушылықпен айналысатынмын. Волонтер ретінде қатысқан және мақтанышпен айтатын ең үлкен іс-шарам, ол Петропавлда 2018 жылы өткен ҚР және РФ өңіраралық ынтымақтастық форумы. Мен онда волонтерлік штабты басқардым. Ұйымдастырушылардың бірінші көмекшісі болдым», - дейді Евгений.

Білімге, жаңа нәрсені танып-үйренуге құмар бозбала 2018 жылы Мәскеуге барып, әскери топография және іздеу жұмыстары бойынша оқу курсынан өтеді. Алған машығын өңірде қолданып, іздеу жасағын құрады. Қазір оның 250 мүшесі бар.
«Жақында екі жасөспірім жоғалып, оларды іздеуге алты жасар баласы бар келіншек те шықты. Бүлдіршін анасымен бірге жүріп бағдар қағаздарын жапсыруға көмектесті. 80-ге жақындап қалған волонтер әжеміз бар. Ол кісі бұрын да жоғалғандарды іздеуге көмектескен екен. Қазір көп жүре алмайды, бірақ тәтті шай дайындап, дәмді бәліш пісіреді. Ол осылайша көмек көрсетеді. Жалпы, қатарымызға осы іспен айналысуға ынтасы бар барлығын аламыз. Ал 16 жастан кіші болса, міндетті түрде ата-анасының рұқсаты бар қолхат әкелуі керек. Қыркүйек айынан бастап ювеналды полициямен бірге Петропавлдағы әр мектептен тобымызға адамдар аламыз. Біреу-міреу жоғалған уақытта олар іздеуге көмектесетін болады. Жалпы біздің құрамда негізінен оқушылар мен студенттер, жұмыс істейтін адамдар өте аз», - дейді волонтер


Іздеу отряды ювеналды, криминалды полицейлермен тығыз жұмыс істейді. Екі жылдың ішінде волонтерлер қырықтан астам адамды іздеп табуға көмектесіп, 100-ден астам түрлі алдын алу іс-шарасын ұйымдастырған.
«Біздің негізгі жұмысымыз – із-түссіз кеткендерді іздеп табу. Егер жоғалған адам болса полицейлер бізге ақпарат береді. Ең алдымен туғандарымен тілдесіп, мәлімет аламыз. Сосын қала көшелеріне шығып, өткен-кеткендерден сұрастырамыз. Әлеуметтік желіні қолданамыз. Іздеу жұмыстарынан басқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесеміз. 18 жастан асқандар полицейлермен бірге кезекшілікке шығады. Есірткіге қарсы акцияларға қатысып, жазбаларды бояймыз. Қазір төтенше жағдай режимінде де қол қусырып отырған жоқпыз. Емханаларға көмектесіп, зейнеткерлерге дәрі-дәрмекті үйлеріне апарып береміз. Қаражат жинап, мұқтаж жандарға керек-жарақтарын жеткіземіз. Демеуқаржы алатындарға ақпараттық көмек көрсетеміз», - дейді белсенді жас.
Евгений Соловьевтің айтуынша, олардың жұмысындағы ең басты қиындық – қаржының жоқтығы.
«Клубқа ең кемінде 4-5 рация керек, орманға, іздеу жұмыстарына байланыс құралынсыз жіберуге болмайды. Бізде ең бірінші орында қауіпсіздік болуы тиіс. Волонтерлерге арнайы кеудешелер тіккізу қажет. Бізге ешқандай қаржы бөлінбейді, бұл - үлкен мәселе. Біреуден көлік, біреуден волонтерлерге тамақ, енді біреуінен автобус сұрап жүргеніміз. Рацияны полициядан сұрап аламыз. Біреуге көмектесу маған қатты ұнайды. Түрлі адамдармен қарым-қатынас орнату арқылы жақсы тәжірибе жинадым. Қазір кез келген адаммен тіл табыса аламын. Ия, бұл жұмыс үшін ақша төлемейді, қаншама мәселені шешу де көп күшті қажет етеді. Бірақ бұл – тәжірибе. Мен үнемі жаңа бір нәрсеге үйренгенді ұнатамын. Осы екі жылдың ішінде біраз жұмыс атқардық. Көзге көрінбейді, бірақ біздің мақсатымыз арзан атақ жинау емес. Көптеген қызметтермен әріптестік меморандумына қол қойдық. Қазір Төтенше жағдайлар департаментімен де жұмысты бір жолға қоймақпыз», - дейді Евгений.




Белсенді, әрі білімді жас психологияны жақсы көреді. Ол – халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы, түрлі лекциялар мен семинарларды, тренингілерді жүргізеді. Психология саласы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында Білім және ғылым министрлігінде жұрт алдында лекция оқып, Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен тығыз әріптестікте жұмыс істейді. Биыл мектеп бітіретін түлектің ендігі мақсаты биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ құжаттарын тапсырып, оқуға түсу.
