СҚО-да мектеп түлектері ҰБТ-ны алғаш рет электронды түрде тапсырып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі электронды форматта өтіп жатыр. Жаңашылдықты бірінші болып петропавлдық 17 оқушы қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да мектеп түлектері ҰБТ-ны алғаш рет электронды түрде тапсырып жатыр

Мамандардың айтуынша, ҰБТ-ны электронды түрде тапсырудың артықшылығы көп. Соның бірі – тестілеуден өтетін уақытты және орынды балалардың өздері таңдайды. Әрі нәтижесін бірден біле алады.

«Оқушылар ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн тіркеледі. Егер бұрын тіркелу үшін 5 құжат жинап, арнайы орталыққа алып келіп, сол жерден рұқсатнаманы алатын болса, қазір оның бәрі қашықтан атқарылады. Сондай-ақ бұрын балаларды орталықтарға алып келетін, қазір өздері арнайы компьютер,

бейнекамералармен жарақтандырылған орталықтарға келіп тапсырады.

Мысалы 2019 жылы екі күн уақытты алатын үрдіс қазір 3 минутта атқарылады», - дейді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.

Петропавлда бүгін 17 оқушы тестілеуден өтті. Солардың бірі – Альбина Приболовец. Ол №13 орта мектептің 11-сынып оқушысы.

«ҰБТ-ны компьютермен тапсырған анағұрлым ыңғайлы. Шеңберді бояп уақыт кетірмейсің. Әрі берген жауабыңа сенімсіз болсаң қайта оралып, ойлануға мүмкіндік бар. Мен бүгін 82 балл алдым. Бұл мен үшін аз. Сол себепті тағы бір рет мүмкіндікті пайдаланбақшымын», - дейді Альбина Приболовец.

ҰБТ таза және әділ өтуін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және мониторингтік топтардың өкілдері бақылауға алған.

Жалпы СҚО-да мектеп түлектері тестілеуден арнайы жабдықталған үш орталықта өте алады. Олар Тайынша, Новоишимка елді мекендерінде және Петропавлда орналасқан.

Биыл өңірде мектептің 3405 түлегі болса, солардың 2,5 мыңы ҰБТ тапсырмақ. Ал тестілеудің екінші кезеңі 10 сәуірге дейін жалғасады.