СҚО-да мемлекетке 68 млн теңге шығын келтірген браконьерлер сотталды

аңшы
Фото: pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды. 

СҚО прокуратурасының мәліметінше, 23 сәуірде ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, заңсыз аңшылықпен айналысқандарға қатысты үкім заңды күшіне енді.

Сотта бұлтартпас дәлелдер бола тұра, төрт айыпталушы жасаған қылмыстары үшін өз кінәларын мойындамай, істеріне өкінбеген.

Соған қарамастан, мемлекеттік айыптаушы Петропавл қаласының 4 тұрғынының облыс орталығының маңында 53 елікті заңсыз атып, мемлекетке 68 млн теңгеден астам шығын келтіргенін дәлелдеді.

Петропавл қалалық соты прокуратураның пікірімен келісе отырып, барлығын 8 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырып, олардан келтірілген материалдық шығынды өндіріп алуға үкім шығарды.

Естеріңізге салайық, былтыр ақпан айында СҚО полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, ведомствоның басқа бөлімшелерімен бірге аса ірі мөлшерде заңсыз аң аулады деген күдікпен Петропавлдың үш тұрғынын ұстаған еді. Олардың көлігінен және саяжай қоғамдастығындағы үйлердің бірінен 50-ден астам еліктің бас-сирағы мен терісі және екеуінің тұтас еті табылды.

Соңғы жаңалықтар