СҚО-да мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлерді саудаламақ болған алаяқтар сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда азаматтарға мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алуға көмектесуге уәде берген үш әйелге қатысты үкім шықты.

СҚО-да мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлерді саудаламақ болған алаяқтар сотталды

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Петропавл қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сот материалдарына қарағанда, Сара Тайжанова, Әлфия Жукенова және Оксана Войдило 2012 жылдан 2015 жылға дейін өздерін Астана және Петропавл қалаларының әкімдіктерінің қызметкері ретінде таныстырып, тұрғын үймен байланысты жағдайларын жақсартуға және төмен бағамен пәтер сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген.

Расында әкімдіктер мен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бағдарламаларға олардың ешқандай қатысы болмаған.

«А.Жукенова, О.Войдило, С.Тайжанова жапа шегушілерді жақын арада пәтер алатынына алдау арқылы сендірген. Зардап шегушілер олардың алаяқтығын білмей, айлакерлерге түрлі сомада ақша берген. Қылмыстық әрекеттері арқылы әйелдер 23 жапа шегушіге жалпы сомасы 94 000 000 теңгеден асатын материалдық залал келтірді», - делінген іс материалдарында.

Сотта Сара Тайжанова мен Оксана Войдило кінәсын мойындамады, айыпталушы Әлфия Жукенова кінәсын толық мойындады.

Петропавл қалалық соты аталған азаматтардың барлығын кінәлі деп тауып, оларды әртүрлі мерзім бойынша бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылдады.