СҚО-да мереке күндері 57 сәби дүниеге келді
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңа жыл түнінде облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген сәбидің үшеуі ұл, үшеуі қыз болған. Жаңа жылда түнгі сағат 00.50-де ең бірінші қыз бала дүниеге келген. Салмағы 3850 грамм, бойы 55 см болып туған нәрестенің де, анасының да жағдайы жақсы. Бүгінде үйіне жіберілген.
«Жаңа жыл түні орталықта 8 маман кезекшілік етті. Түн әдеттегідей тыныш өтті. Сол түні туған аналарды сәбилерімен үйлеріне жібердік», - дейді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Жанна Мауытова.
Биыл 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында облыс аумағында 57 сәби өмірге келді.
Айта кетерлігі, былтыр өңірде жаңа жыл түні 22 нәресте дүниеге келді. 16 сәби облыстық перинаталдық орталықта, қалғандары Ғабит Мүсірепов, Есіл және Айыртау аудандардағы бөлімшелерде туған екен.