СҚО-да мүгедек спортшылар паралимпиядалық лицензияны жеңіп алу үшін жаттығып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубының мүшелері Токио паралимпиядасының лицензиясын жеңіп алу үшін қызу дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да мүгедек спортшылар паралимпиядалық лицензияны жеңіп алу үшін жаттығып жатыр

«Үміт» спорт клубының мүшелері ақпан және наурыз айларында Біріккен Араб Әмірліктері мен Тайланд елінде өтетін халықаралық жарыстарға қатысады. Мақсат – Токио паралимпиадасының лицензияларына қол жеткізу.

«Үміт» спорт клубының мүшесі Сергей Харламов Лондондағы паралимпиада ойындарына қатысты. Ол жеңіл атлетикадан өңірдегі жалғыз халықаралық спорт шебері. Спорттың бұл түріне келгеніне 11 жыл болған Сергейдің көптеген жетістіктері бар. Жаттықтырушылары бұл жолы да оған зор үміт артып отыр.

«Біздің спортшыларымызды 12 білікті бапкер жаттықтырады. Клуб мүшелерінің барлығы бірдей халықаралық спорт шебері немесе кәсіби спортшы болуы мүмкін емес. Келушілердің деңгейі әртүрлі. Біреулері денсаулықтарын түзеу үшін жаттығады. Енді бірі болашағын спортпен байланыстырып, жүйелі түрде айналысады. Оларға біз басымдық береміз», - дейді клуб директоры Вячеслав Латышев.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубы 2013 жылы құрылды. «Қарасай» стадионында орналасқан. Клуб ашылған кезде бар болғаны 30 шақты спортшы болса, бүгінгі күні клубта 200-ге жуық мүгедек жеңіл атлетика, шаңғы, футбол, жүзу, үстел теннисі секілді спорттың 11 түрімен айналысады. Олар көптеген байрақты бәсекелерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Қазір клубтың 13 мүшесі спортта жеткен жоғары жетістіктері үшін облыс әкімінің стипендиясын алады.