СҚО-да науқас нәрестенің жұлынына 35 млн теңгенің препараты салынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында арқа бұлшықет атрофиясы дертіне шалдыққан 1 жас 4 айлық нәрестеге құны 35 млн теңге тұратын дәрі егілді. Қымбат препарат республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО көпсалалы балалар ауруханасының мәліметінше, өңірде алғаш рет облыстық балалар ауруханасының негізінде осындай ем-дом жасалып отыр.
Науқас – 1 жас 4 айдан енді асқан нәресте. Оған 2 типті арқа бұлшықет атрофиясы диагнозы қойылған. Бұл - өте сирек кездесетін орфандық ауру.
Нәрестеге «Спинраза» деп аталатын препараттың алғашқы дозасы енгізілді. Дәрі балаға интратекальді түрде жұлын каналына салынды.
Ем-дом асқынусыз өтуі үшін Астанадан невролог дәрігерлердің бригадасы келді.
Кейін препарат енгізілгеннен кейін 72 сағат бойы бала мамандардың бақылауында болды.
«Дәрі салынғаннан кейін нәрестенің жағдайына мониторинг жүргіздік. Жағдайы тұрақты, сол себепті үйіне жібердік. Тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық бақылауда болады. Балаға тезірек жазылып кетуді тілейміз», - дейді нәрестені емдеуші дәрігер, аурухананың неврологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Елена Бедина.
«Спинраза» препараты 35 млн теңге тұрады. Қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінді.