СҚО-да өлім-жітім орташа республикалық деңгейден 70,2%-ға жоғары - ДСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдары басшыларымен халыққа медициналық көмек көрсетудің проблемалық мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО-да өлім-жітім орташа республикалық деңгейден 70,2%-ға жоғары - ДСМ

Кеңес жұмысына СҚО Денсаулық сақтау басқармасының, ӘлМСҚ аумақтық ведомстволық бағынысты ұйымдарының, МФБКД басшылары қатысты.

«2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында халықтың жалпы өлімі көрсеткішінің 24,8%-ға төмендеуі байқалады, алайда ол орташа республикалық мәннен 70,2%-ға артық», - деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.

Оның айтуынша, өңірде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға төмендеді, бұл – республикалық орташа көрсеткіштен 20%-ға артық. Сонымен қатар, СҚО-да жарақаттардан, уланудан және жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға төмендегені байқалады.

Вице-министр аурухана ғимараттарының тозуы, арнайы бейін мамандарының, әсіресе кардиология мен акушерияда тапшылығы, диагностикалық жабдықтардың жеткіліксіз паркіне қатысты негізгі проблемалық мәселелерге назар аударды. Мысалы, В. Дудниктің айтуынша, 13 аудандық аурухананың тек 4-уінде ғана кардиолог дәрігерлер бар, қалғандарында алмастыратын дәрігерлер немесе ЖПД дәрігерлері жұмыс істейді.