СҚО-да «Оңалту түрмесі» ілкі жобасы жүзеге асырылуда
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЕС-164/6 мекемесінде екі жылдан бері «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ілкі жоба түзету мекемесіне 2018 жылы енгізіліп, сынақтан өткізіліп жатыр. ЕС-164/6 мекемесінде әйелдер жазасын өтейді. «Оңалту түрмесі» жобасы аясында олар колонияға түскен күннен бастап туған-туыстарымен және олардың отбасыларының мүдделерін қорғайтын басқа мекемелермен байланыста болуына ықпал етеді.
«Сотталғандардың қайта қылмыс жасауына олардың жазасын өтегеннен кейін бостандықта өмір сүруге дайын болмауы, өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктер мен қызметтер туралы білмеуі себеп болып жатады. Жазасын өтеп шыққандарға жұмысқа орналасу немесе оқыту курстарынан өтіп, қажетті мамандықты тегін меңгеруге мүмкіндігі бар. Алайда олардың бұл жайында хабары болмай, болашақтан күдерін үзеді. Әсіресе түзету мекемесінен шыққан әйелдерге бейімделу қиын. Жағдайды өзгерту үшін және жазасын өтеп шыққандардың қайта қылмысқа баруына жол бермеу мақсатында сотталғандарды бостандықта өмір сүруге дайындаймыз. Осы мақсатта арнайы кешенді стратегия әзірленді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/6 мекемесінің тұрмыстық және еңбекке орналастыру жөніндегі аға инспекторы Динара Жұмағұл.
Пилоттық жоба сонымен бірге сотталғандардың жұмысқа орналасу мәселелерін шешуге, әлеуметтік ортадағы дұрыс мінез-құлықты қалпына келтіруге, психолог-мамандардың көмегіне уақтылы жүгінуге ықпал етеді. Осы мақсатта мекемеде үнемі семинарлар, пробация қызметінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізіледі.
«Карантинге байланысты сотталғандармен «Ѕкуре» арқылы бүгін байланысқа шықтым. Мақсат – әйелдердің түзету мекемесінен босап шыққаннан кейінгі құқықтары жайында мағлұмат беру. Сотталып шыққандардың әлеуметтік-құқықтық көмек және жұмысқа орналасуда, отбасылық қарым-қатынастарды қалпына келтіруде жәрдем ала алады. Олар тұратын жермен қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ жақында жазасын өтеп шыққандарға өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдардың мәртебесі қолданыла бастады. Бұрынғы сотталғандардың кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндігі бар, шәкіртақы ала отырып, тегін курстан өте алады. Бизнес-жобасын қорғаған жағдайда оны жүзеге асыруға грант алады», - дейді Петропавл қаласы әкімдігінің «жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ бас маманы Татьяна Янченко.