СҚО-да өнертапқыш балалардың форумы өтті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жас техниктер мен өнертапқыштардың форумы өтті. Араға екі жылды салып қайта ұйымдастырылған дәстүрлі көрмеге жасөспірімдер 8 бағыт бойынша жұмыстарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да өнертапқыш балалардың форумы өтті

Петропавлдағы облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен форум әр ауданның үздік өнертапқыштары мен жас техниктерін жинады.

Соның бірі - СҚО Жамбыл ауданының тұрғыны Нұрислам Сайлау. Жасөспірім байқауға өзі жасаған өрт сөндіру ұшағын әкелген.

Әуе көлігін жасауға жақында Қостанайда болған алапат өрт түрткі болыпты.

«Көрші облыста болған өрт жайында теледидардан көрдім. Жалынмен арпалыста авиацияның көмегі зор болды. Сондықтан олардың құрметіне өрт сөндіру ұшағын істеймін деп шештім. Ол толық ағаштан жасалған. Тапжылмай отырып, 3-4 сағатта жасап шықтым», - дейді Нұрислам Сайлау.

Облыстық форумға 34 жасөспірім қатысып, өз туындыларын әкелген.

Балалар су, әуе, автокөліктерді, ауыл шаруашылығы техникасын, түрлі ғимараттар мен құрылыстардың үлгілерін де әкелген.

Олар қазылар алдында жобаларын қорғап, жұмыстарының ерекшеліктеріне, ғылыми жаңашылдықтарына тоқтады.

Яғни балалардың жұмысы ғана емес, олардың жұрт алдында өзін ұстауы, сұрақтарға сауатты жауап беруі, жобасын қызықты таныстыруы да есепке алынды.

«Форум 7-11 сынып және колледж оқушылары арасында ұйымдастырылды. Балалар 8 номинация бойынша жұмыстарын ұсынды. Әкелген еңбектері бір-бірін қайталамайды, ішінде асқан ыждағаттылықпен жасалған жұмыстар бар. Мұндай байқау-форумдар керек, балалардың ойына қанат бітіреді, идея алады, тәжірибе жинайды», - дейді СҚО балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Саян Ермек.

Жеңімпаз жасөспірім республикалық байқауға жолдама алмақ.


Францияның әскери полигонында өткен заңсыз кеште 30-дан астам адам зардап шекті
Ұқсас жаңалықтар

Францияның әскери полигонында өткен заңсыз кеште 30-дан астам адам зардап шекті