СҚО-да орман күзетінде қыз-келіншектер де еңбек етеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Орманшы мамандығын көбіне ер адамдардың еңбегімен байланыстырамыз. Алайда орманды қорғау, көшет өсіру және табиғи байлықты сақтау ісінде әйелдердің де өзіндік орны бар.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют орман шаруашылығында еңбек ететін Айдын Қожантаева мен Полина Косоурова күнделікті жұмысымен осыны дәлелдеп жүр. Олардың бірі ұжым жұмысын үйлестірсе, екіншісі әр көшеттің жайқалып өсуіне үлес қосады.
Агроном әрі фермер болған әкесінің еңбегін көріп өскен, әрі география пәнін ұнатқан Айдын Қожантаева табиғатқа жақын мамандықты таңдаған. Мекемеде ол 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын орманды қорғау инженері болып бастаған жас маман екі жылдан бері басшының орынбасары қызметін атқарып жатыр. Бүгінде 60-тан астам адам еңбек ететін ұжымның жұмысын ұйымдастыруға қатысады.
- Көбі орманшыны қолына балта алып, орман ішінде жүретін адам ретінде елестетеді. Оқып жүргенде менің бұл кәсіп туралы түсінігім, шынымды айтсам, шамалы болды. Жұмысқа орналасқан жылы рейдке шықтық. Орман маңында от жаққан малшыны көріп, сол жерде оған хаттама толтырдық. Бұған дейін мен тек құқық қорғаушылардың ғана ондай өкілеттігі бар деп ойлайтынмын.
Сондықтан қазір студенттермен жиі кездесіп, жұмысымыздың қыр-сырын түсіндіруге тырысамын. Олар оқу бітіргеннен кейін қайда жұмыс істейтінін, қандай міндеттер атқаратынын алдын ала білсе деймін, — дейді Айдын Қожантаева.
Айдынның айтуынша, бүгінде бұл кәсіпке жастар арасында қызығушылық бар.
- Мен жергілікті университетте оқыдым, тобымызда үш адам — үш қыз ғана болды. Қазір әр топта 40 адамнан. Қазір жаңа жылдан бастап бізге тағы да орманшының көмекшісін беріп жатыр. Тағы вакансиялар болады, мысалы «инженер-лесопатолог» деген, — дейді Айдын Қожантаева.
Ал оосы мекемеде инженер болып еңбек ететін Полина Косоурова ағаш тұқымдарын дайындау, көшет өсіру және екпе материалдарды есепке алу жұмыстарын ұйымдастырады.
- Бізде қазір алты уақытша тәлімбақ бар. 9,2 га аумақты алып жатыр. Көшет егу ауқымы артқандықтан былтыр Белов орманшылығында уақытша тәлімбақты тағы 2 га ұлғайттық.
Ұжымда негізінен ер адамдар, басында қалай болар екен, қалай тіл табысамыз деп қорықтым. Бірақ, әріптестерім мені жақсы қарсы алды, білмегенімді айтып, үйретті, олардың қолдауын әлі күнге көріп жүрмін. Берген тапсырмаларымда жауапкершілікпен атқарады, — дейді Полина Косоурова.
Тәлімбақтарда қайың, қарағаш, қарағай, шырша, үйеңкі, шетен, емен және жиде көшеттері өсіріледі. Ағаш тұқымдары қолмен егіледі. Тұқымды орман шаруашылығы қызметкерлері өздері жинап, дайындайды. Бір-екі жыл ішінде өскіндер көшетке айналып, орманды қалпына келтіру жұмыстарына пайдаланылады.
- Бұл — қайың көшеттері. Былтыр күзде ектік. Қазіргі уақытта стандартқа сай, яғни бөліп отырғызуға жарамды. Бірақ біз бұл көшеттерді келесі көктемге қалдырдық.
Дайындалған жерге бүгін жиде ағашының тұқымын егіп жатырмын. Тәлімбақтарда ағаш тұқымын қолмен бір-бірден егеміз, техника қолданылмайды.
Еккеніміз бір-екі жылда өсіп, көшет болады. Әдетте екпе материалдың биіктігі 10 см-ден басталып, 60 см-ге дейін жетеді, — дейді мекеме инженері.
Мамлют орман шаруашылығының жалпы аумағы 40 мың гектардан асады. Мұнда орманды қорғау, ағаш қорын есепке алу, көшет өсіру және табиғи ресурстарды молайту бағытында жұмыстар жүргізіледі. Мамандар орман өрттерінің алдын алып, заңсыз ағаш кесуге қарсы шараларға да қатысады. Осындай міндеттерді орындауда әр маманның өз орны бар.
- Біздің облыс бойынша орман шаруашылықтарында басшының орынбасары болып отырған әйел адам біреу ғана, ол бізде еңбек етеді.
Ұжымымызда әйел адамдардың болғанының өзіндік артықшылықтары бар. Олар әр іске жауапкершілікпен қарайды. Еңбекқор, олар үшін ұсақ-түйек деген түсінік жоқ. Көшет өсірсе де, құжаттарды дайындап, есеп берсе де өте ұқыпты атқарады, — дейді мекеме басшысы Дмитрий Реммих.
Соңғы жылдары сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базаны жаңартуға да көңіл бөлінген. Дмитрий Реммихтың айтуынша, 2024 жылдан бастап қызметкерлердің жалақысы 100% өскен. Бұған қоса, соңғы үш-төрт жылда арнайы техникалар паркі толық жаңартылған. Биыл мекемеге үш өрт сөндіру көлігі мен тіркемесі бар төрт трактор берілген.
Қазан айының үшінші жексенбісінде орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Табиғат байлығын қорғап, орман қорын молайтуға үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі осындай мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды.
Бұған дейін Ақтөбедегі орманшылардың бір күні туралы жазған едік.