СҚО-да өрт сөндірушілердің автопаркі жаңа көліктермен толықты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өрт сөндіру қызметінің автопаркі жаңа 8 арнайы көлікпен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да өрт сөндірушілердің автопаркі жаңа көліктермен толықты

Бүгін Петропавлда СҚО төтенше жағдайлар департаментіне өңір басшысы Құмар Ақсақалов 8 өрт сөндіру көлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, машиналар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен қаржылық лизинг жобасы аясында 4 жылға алынды. Жобаның жалпы құны 579 млн теңгеден асады.

СҚО ТЖД басшысы Рамиль Камаловтың айтуынша, жергілікті атқарушы билік тарапынан қаржылай қолдау бар, тек соңғы 4 жылда өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға жергілікті бюджет есебінен 29 техника сатып алынды. Олардың ішінде жол талғамайтын көліктер де, жедел-құтқару автомобильдері де бар.

Жаңадан берілген 8 өрт сөндіру техникасының жетеуі аудандарға жіберіледі. Арнайы көлік жүргізушілерінің айтуынша, жаңалары ескі үш машинаны ауыстыра алады. Олар басқаруға жеңіл, өтімділігі жоғары және цистерналарының көлемі үлкен. Бұрын 2 тонналық болса, қазір көліктер 6-8 тонналық.

«Көліктерді барлық жағдайды бағамдай келе, өрт жиі тіркелетін, халық саны көп, экономикалық нысандар тығыз орналасқан аудандарға жібереміз. Олар Қызылжар, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандары. Біреуі Петропавлда қалады», - дейді Рамиль Камалов.

Биыл СҚО-да өрт сөндірушілер 626 өртті сөндіріп, 187 млн теңгенің дүние-мүлкін аман алып қалды. 42 адамның өміріне араша түсті.